Павлодарда банк, ХҚКО және трамвай басқармасының қызметкерлері бақ сынады
Байқау «Тілдер айлығы» аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен 1-30 қыркүйек аралығында аймақ бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды. Осыған орай облыс орталығындағы «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету»
облыстық байқауы өтті.
Байқауға қызмет көрсету саласының өкілдерінен құралған 5 команда қатысты. Олар дода барысында түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындап, өздерінің әртістік, тапқырлық қабілеттерін, сонымен қатар кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аудару деңгейін көрсетіп, ситуациялық жағдайдан шығуда шығармашылық шеберліктерін танытты.
Мұнда Ә.Марғұлан университетінің профессоры Бекен Сағындықұлы, Қазақстан жазушылар Одағының облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай және "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ажар Әбілғазина қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша І орынға «Сұңқар» командасы (Павлодар қалалық № 2 халыққа қызмет көрсету бөлімі), ІІ орынға «Ақберен» командасы («Ertis Digital» ЖШС-ның қызметкерлері ) және ІІІ орынға «Туған тіл» командасы (Павлодар қалалық № 3 халыққа қызмет көрсету бөлімі) ие болды.
Сонымен қатар «Қырандар» (Павлодар қалалық трамвай басқармасы) және «Халық жастары» («Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалы) командалары аталған байқауға белсенді қатысқандары үшін қаржылай сертификаттарға ие болды.
«Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.
- Ана сүті арқылы бойға дарыған тіл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ол байланыс құралы ғана емес, тарихымыздың ажырамас бөлігі, діліміздің тірегі, мәдениет пен әдебиеттің биік тұғыры болып саналады. Осы мақсатта жыл сайын бұл мереке Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстарды мәдени-рухани қолдау бағытында аясы кеңіп, алар асуын айқындаған игі шара ретінде биыл Қазақстан бойынша 25 рет өткізілуде, - деді ведомство басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақас.
Жалпы аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 150-ден астам іс-шара, сондай-ақ тілдерді меңгеруге арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады.