Павлодарлықтарға қыста қандай аңдарды аулауға рұқсат беріледі?

Павлодарлықтарға қыста қандай аңдарды аулауға рұқсат беріледі?
Фото: istockphoto.com/EXTREME-PHOTOGRAPHER

Аңшылыққа шығудың өз ережелері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде 1 қарашадан бастап келер жылдың 15 ақпанына дейін түлкіге, қарсаққа және қоянға аңшылық маусымы ресми ашылды. Сонымен қатар, 31 желтоқсанға дейін қабан мен сібір еліктеріне аңшылық жасауға болады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сәуле Мухансаликованың айтуынша, тұяқты жануарларға аңшылық кезінде міндетті түрде жергілікті аңшылық шаруашылығының маманы бірге жүруі тиіс.

– Құжатсыз аңшылықтың заң бұзушылық екенін ұмытпау керек. Әрбір аңшы өзімен бірге аңшы куәлігін, пайдалануға берілген рұқсат қағазын, жолдаманы және қару қолданатын жағдайда – қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсат ететін парақты бірге алып жүру керек. Ал қыран құстармен аңға шығатындар құстың паспортын көрсетуі тиіс, – деді Сәуле Мухансаликова.

Облыс бойынша 36 аңшылық шаруашылығы бар, оның 33-інде аңшылық жасауға рұқсат етіледі. Келер жылдан бастап Шарбақты және Ақкөл аудандарында да аңшылық ресми түрде ашылады. Ал «Қызылтау» табиғи резерваты, Баянауыл ұлттық паркі, «Ертіс орманы» резерваты, Ертіс өзені жайылымы және елді мекендердің маңайында аңшылыққа қатаң тыйым салынған. Бұл шектеулер тұрғындардың қауіпсіздігі мен жануарлар санын сақтау үшін енгізілген. 

2025-2026 жылдарға арналған аңшылық лимиттері бекітілді. Биыл аймақ бойынша жылына 22 қабан, 365 сібір елігі, 807 қарсақ, 2935 түлкі, 10 мыңнан астам қоян және басқа да құстар мен жануарларға белгіленген мөлшерде аңшылық жасауға рұқсат бар. 

Инспекция заңсыз аңшылық үшін қатаң жаза қарастырылғанын еске салады. 

– Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін бестен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі есеге артады немесе аңшылық құқығынан айыру шарасы қолданылады. Ерекше қорғалатын аумақтардағы бұзушылықтар үшін айыппұл 1000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін, – деді инспекцияның бас маманы.

Ал ірі зиян келтірілген жағдайда іс Қылмыстық кодекске сәйкес қаралады. Мұндай кезде 3000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұзушылық топпен жасалса немесе сирек жануарларға қатысты болса, жаза мерзімі алты жылға дейін ұзаруы мүмкін.

Заңсыз ауланған жануардың зиян көлемі де нақты бекітілген. Мысалы, арқар үшін – 4500 АЕК, ал ерекше қорғалатын аумақта – 13 500 АЕК мөлшерінде айыппұл есептеледі. Қабан мен елікті квотадан тыс аулау – 375 АЕК, ал түлкі, қарсақ, қоян және құстар үшін бес АЕК көлемінде зиян есептеледі.