Ақтоғай ауданының ұстаздар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды

Ақтоғай ауданының ұстаздар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды
Фото: Шолпан Байдильдина ұсынды

Ұлттық конкурс жеңімпаздарын анықтау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан аталған конкурс адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің оң имиджін дамытуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.  

Биыл аудандық деңгейдің қорытындысы бойынша өңірде конкурсқа қатысуға 124 өтінім түскен. Облыстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша үш жеңімпаз отбасы анықталды. Ақтоғай ауданы Теміровтер отбасы бірінші орын иегері атанды. Павлодар ауданынан келген Апештер отбасы екінші орынды, Май ауданынан келген Адамжановтар отбасы үшінші орынды иеленді.

Бірнеше жыл бойы сайысты бақылап жүрген ұстаздар отбасы осы жылы әлеуметтік желілерден сайыс ережесімен танысып, қатысуға бел байлаған. Осылайша өздерінде бар ақпаратты, жеткен жетістіктерін жинап, жүйелеп, отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді видеода көрсетіп, әулеттің фотосуреттерін дайындаған. 

Отағасы қатардағы электриктен «ПРЭК» АҚ шебері қызметіне дейін көтеріліп, 30 жыл бойы осы салада еңбек етуде.

–  Қараоба ауылына келін болып түскелі балабақша тәрбиешісі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, мектеп директоры қызметтерін атқарып, қазіргі таңда Қараоба ауылдық округінің әкімі қызметін атқарудамын. Екі қызым, ұлым мен келінім мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Күйеу баламыз да еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастаған. Мұндай сайысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Біз үшін өте жақсы тәжірибе болды, осы күнге дейінгі өмірімізге талдау жасауға мүмкіндік берді, – дейді Шолпан Байдильдина.

Қыркүйек айында Теміровтер әулеті ұлттық конкурстың республикалық кезеңінде Павлодар облысының намысын қорғайды.