Пышақпен қорқытқан: Павлодар облысында көлікті аударған тұрғын сотталды

Пышақпен қорқытқан: Павлодар облысында көлікті аударған тұрғын сотталды
Фото: Константин Шелков

Тереңкөл ауданының тұрғынына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биылғы жылдың қарашасында таңғы сағат 04:00 шамасында 20 жастағы Тереңкөл тұрғыны мас күйінде Қамзин көшесіндегі компьютерлік клубта 6 литр сыра ішкен. Клубтан шыққаннан соң аулада тұрған BMW 520 көлігінің жүргізушісінен Толстой көшесінде тұратын әпкесінің үйіне апаруды өтінген. Әпкесінен ақша алып, жол ақысын төлемек болады. Мекенжайға жеткен соң отырған көлікте жеке куәлігі мен ұялы телефонын кепілдік ретінде тастап кетеді. Дегенмен әпкесінің қай пәтерде тұратынын есіне түсіре алмайды. 

– Подъезден бір шөлмек сырамен шығады. Үйдің бірінші қабатында тауып алған ас үй пышағын жасырын алып шығады.  Көлікке отырған соң көлік иесіне Павлодарское ауылында тұратын ағасына апаруды өтінеді. Жол ақысын жеті мың теңгеге көтеретінін айтады. Алайда ауылға жақындағанда жүргізушінің кеудесіне пышақ кезейді. Шошынған жүргізуші көліктен шығып кетеді. Осы сәтті пайдаланып, көлікті айдап кетеді. Дегенмен қылмыскер алысқа ұзап  кетпестен көлік апатына  ұшыраған, – дейді баспасөз қызметінде. 

Ауыл тұрғыны ҚР ҚК-нің 200-бабының төртінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және алты жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.  

Жас жігіт орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді.