Несіпбек Айтұлы: Мұзафар Әлімбаев менің рухани әкем болды
Достық үйінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шығармашылық кешке Мұзафар Әлімбаевтың шәкірті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, 37 поэманың авторы Несіпбек Айтұлы, ҚР Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы қатысты.
– Мұз ағаңның бауырында 10 жыл бірге істедім. Ол кісі қалған ғұмырында өле-өлгенше менің рухани әкем болды. Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің бағбаны, балалар әдебиетінің бастауын салған, сол жолда еңбек еткен керемет ақын. Бүгінгі күнге дейін ақынның тек өлеңдері ғана емес, мақал-мәтелдері де жетіп отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген күнделікті ауызекі қолданысқа еніп кеткен ой орамдарының иесі де – Мұз ағамыз. Өлеңдері бір төбе осындай ұлы тұлғаның артын жоқтап отырған елге алғыс айтқым келеді, – деді Несіпбек Айтұлы.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы шеңберінде облыстың бірнеше кітапханасында арнайы кітап көрмелері ашылып жатқанын атап өтті.
– Жас буын білім беру мекемелерінде ұйымдастырылатын көптеген шығармашылық кездесулер арқылы ақынның шығармаларымен терең танысып келеді. Бұл – үлкен рухани жұмыс, – деп атап өтті Айзада Құрманова.
Сонымен қатар шара барысында кеш қонақтарына Алтынбек Нухұлының бастамасымен «150 тұлғаға арналған 100 қысқа метражды деректі фильм» жобасы аясында түсірілген Мұзафар Әлімбаев жайлы фильм көрсетілді. Ақынның жазған әндері орындалып, өлеңдері оқылды.
– Мен Мұз ағаңмен өмірімде тек екі рет қана кездестім. Бірінші рет ақынның 80 жылдығында елден бізді арнайы жіберіп, ол кісінің үйінде болған едік. Өз қолынан кітаптарын, нақыл сөздері мен қолтаңбасын алған болатынбыз. Екінші рет 2017 жылы о дүниеге шығарып салған сәт есімде. «Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған, әлдекімнің тағдыры бұйырмасын» деген ақиын ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзі еске түседі. Мұзекең 94 жасқа келіп көз жұмды. Артында өлмес сегіз емес, сегіз мың сөз қалдырды, – дейді Алтынбек Нухұлы.
Шара барысында «Бақытын бала тілінен тапқан» атты облыстық мәнерлеп оқу сайысының жүлдегерлері марапатталды. Қола жүлдені №41 ЖОМ оқушысы Қадиша Тұрғұнова, екінші орынды №41 ЖОМ Азалия Мусина қанжығалады. Бірінші орын Әлихан Бөкейхан атындағы ЖОМ оқушысы Ерасыл Бақтиярға бұйырды. Бас жүлдені Қалижан Бекқожин атындағы ЖОМ оқушысы Кәусәр Серік жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастаған. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, «Бауырсақтан» бастап», «Батырлар жырын» ортаға ала, Александр Сергеевич Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, 1932-33 жылғы алапат аштықты көлденең көзбен көріп емес, өз басынан өткерген. 2017 жылы 94 жасында көз жұмды.
Мақсат Көлтайұлы