Шағымы көп болған: Павлодарда №3 бағытының автобустары жаңартылды
Енді автобустарды күту уақыты едәуір қысқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығына жайлы, жасыл түсті, жапондық «Isuzu» маркалы орта класты 12 автобус пен 7 «ГАЗ Некст» маркалы автобус жеткізілді. Жаңа көліктер аймақ басшысы Асайын Байхановқа таныстырылды. Орта класты автобус 56 орынға арналған – 26 отыратын және 30 тұратын. «Таксомотор» ЖШС директоры Дмитрий Самчуктың сөзінше, аталмыш автобустар №3 бағытына шығатын болады.
– Автобус желдеткіш, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандус, бейнебақылау камералар және USB порттармен жабдықталған. Біз жолаушылар мен жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін барынша жақсы жұмыс істеуге тырысамыз,– деді ол.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков Павлодарда барлығы 150 автобус ауыстырылғанын атап өтті.
– Бұл шағымы көп түсетін бағыттардың бірі болатын. Қазіргі таңда №3 бағыт бойынша 17 шағын автобус жүріп жатыр. Қозғалыс интервалы 12-ден 15 минутқа дейін жетеді. Жаңартылған автобустардан кейін қозғалыс аралығы 7-8 минутқа қысқарады,– деді Хасар Хабылбеков.
Облыс әкімі қоғамдық көлік ішінде адамдарға қолайлы және ыңғайлы болу керектігін ескерді.
– Автобус ескі болуы мүмкін, алайда ішінде тазалық сақталуы тиіс. Тұрғындар жайлылықта жету керек. Біздің міндетіміз – бір рет автобустарды 100% жаңарту. Ал одан кейін ескіру деңгейіне қарап, ауыстырумен айналысамыз,– деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы тасымалдаушы ұйымға берілетін субсидия көлемінен үнемдемей, сапалы жұмыс істеуге шақырды.
Осы жылдың аяғына дейін «Таксомотор» ЖШС оған кіретін тағы бір бағыт бойынша автобустарды ауыстыратын болады. Күзде тағы 12 су жаңа автобус №003 бағытына шығады деп жоспарлануда. Олар қалаға тамызда жеткізілуі тиіс.