Павлодарлық оқушы Сан-Францискоға жасанды интеллект бойынша оқытуға барады
Ол Илон Масктың жетекшілігінде тәжірибе жинай алуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
А. Байтұрсынов атындағы мектептің оқушысы 16 жастағы Игорь Мартынюк AI-стартаптарды дамытуға арналған Y Combinator AI Startup School жазғы бағдарламасына іріктеуден өткен Орталық Азиядағы алғашқы қатысушы атанды. Ол бағдарлама аясында толық қаржыландыруға ие болды. Оқу Сан-Франциско қаласында өтеді және жасанды интеллект бағытындағы стартаптарды дамытуға арналған.
Бағдарлама барысында қатысушылар өніммен қарқынды жұмыс істеп, пайдаланушыға бағытталған тәсілді меңгереді әрі Y Combinator экожүйесінің жетекші сарапшыларынан менторлық қолдау алады. Олардың қатарында Сэм Альтман, Илон Маск және Сатья Наделла бар.
Игорь – назар мен зейінді басқаруға арналған TabAI сервисінің негізін қалаушы. Жоба оның жеке тәжірибесінен туындап, бүгінде әлем бойынша 15 мыңға жуық қолданушыны қамтып отыр. Бұған дейін стартап nFactorial Incubator бағдарламасында бірінші орын иеленіп, Eurasian Hub Ventures қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Базылбековтен ангельдік инвестиция алған.