Сиқырлы хат: Павлодарлықтар өздерін «Аяз ата» рөлінде сезіне алады

Сиқырлы хат: Павлодарлықтар өздерін «Аяз ата» рөлінде сезіне алады
Фото: жасанды интеллект

Еріктілер жыл сайынғы «Армандарды орындау» акциясын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«VITA» еріктілер отряды балалардан келген хаттарды жинап, өз парақшасында жариялауды бастады. Балалардың өтініштері әртүрлі: кейбіреулері бояу мен жұмсақ ойыншық сұраса, енді біреулері құлаққап немесе жылы көрпе алуды армандайды.

– Біз ерекше балаларға жақсылыққа және сиқырға сену сезімін сыйлағымыз келеді. Биыл да, өткен жылдардағыдай, үйде қызмет алатын мүгедек балалар мен ересектерден келген хаттарды әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бізге ұсынды. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі ерекше балалардың хаттары облыстық психоневрологиялық диспансерден алынды, – деді еріктілер. 

Баланың арманын орындау үшін бір немесе бірнеше хатты таңдап, WhatsApp арқылы еріктілерге хабарласу керек: 8 (747) 615-55-63, Катерина.

Сыйлықтарды 15 желтоқсанға дейін дайындау қажет. Оны жеке өзіңіз табыстауға немесе еріктілер арқылы жеткізуге болады.

– Фотоесеп парақшада жарияланады. Кейде ата-аналар түрлі себептермен сыйлықты «сиқыршыдан» немесе бізден алуын қаламайды. Мұндай жағдайда сыйлықты әлеуметтік қызметкерлер арқылы тапсырамыз және фотоесеп аламыз. Кейде балалардың беті көрсетілмеу үшін смайликпен жабылған фото жібереді, – деді олар.

Павлодарлықтар сыйлыққа ашықхат, Аяз атадан жауап, тәттілер немесе шағын қосымша тосын сый қоса алады. Егер сыйлықта тәттілер болмаса, еріктілер оны өздері қосады. Еске сала кетейік, бұған дейін еріктілер тәттілер жинау акциясын жариялаған болатын.