Павлодар облысында қыз-келіншектер SMM негіздеріне тегін үйренді
Оған 13 кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында SMM негіздері бойынша оқу өтті. Курсты SMM агенттігі ұйымдастырды. Оқу бес күн ішінде өтті. Кәсіпкерлер жеке әлеуметтік парақшаны жүргізу, тауарды онлайн сату, қызмет ұсынуды игерді.
– «Атамекен» мұндай жұмысты кәсіпкерлік бастамасы бар бизнес өкілдері мен халықты қолдау бөлігінде тегін негізде жүргізеді. Сіздер үшін біз қызмет көрсетушіні табамыз, біліктілікті арттыру үшін курс ұйымдастырдық, – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ерқанат Әбенов осы күндері сабақ берген жаттықтырушыларға да алғысын білдірді.
– Сіздер үйреткен дағдыларға бизнес пен кәсіпкерлік бастамасы бар халық тарапынан үлкен қажеттілік бар. Бизнеспен айналысқысы келетіндер бар, бірақ жолын білмейді. Осы бағытта бізді қолдағаныңыз үшін рахмет, – деді ол.
SMM агенттігінің негізін қалаушы Карина Рубахинаның айтуынша, адамдар әлеуметтік желілердің құндылығын түсініп келеді.
– Қазір жеке брендті дамыту керек. Біз оны әлеуметтік желілер арқылы тарата бастағанда, кәсібіміз де өркендеп, өседі. Егер біз адамдарға өзіміздің қандай екенімізді, шынайы, ашық екенімізді көрсетсек және әлеуметтік желіде сата алсақ, бізді ары қарай дамуға итермелейтіні анық. Адамдар мұны қазір түсініп, үйрене бастағаны өте жақсы. Бұрын түйіндемеде «дербес компьютермен жұмыс істей алады» деген сипаттама болды, ал қазір «SMM жүргізу» деген жаңа сипаттама қосылды, – деп атап өтті Карина Рубахина.
Оның сөзінше, бүгінде үлкен жастағы адамдар да, жас буын да осы саланы алып кетіп, білімдерін кеңейтуде.
– Маған оқу үрдісі өте ұнады. Жаттықтырушылар барлық материалды қолжетімді және қарапайым тілмен түсіндірді. Мен бизнеспен енді ғана айналыса бастадым. Әлеуметтік желіде парақша жүргізуде қиындықтар туындаған болатын. Курста парақшаны жобалауда қандай ерекшеліктер бар екенін көрсетіп, түсіндрді, – деп бөлісті курс тыңдаушыларының бірі.
Палата директорының сөзінше, «Атамекен» бизнесті одан әрі дамыту, халықты кәсіпкерлік ортаға, оның ішінде біздің әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығындағыдай құралдар арқылы тартуға көмектесетін болады.