Тәртіп сақшылары Павлодар аулаларындағы бейберекеттікке тосқауыл қояды
Қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында өңір аумағында «Алкогольсіз аула» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
19–21 ақпан аралығында өтетін рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қала көшелері мен аулалардағы тыныштықты басты назарда ұстайды.
– Іс-шара аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел жағдайды тұрақтандыруға және қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген дерегіне «нөлдік төзімділік» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауда. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстар барысында полиция қызметкерлері есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, олардың тарапынан болуы мүмкін заң бұзушылықтарды анықтайды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство барлық азаматтарды қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау қағидаларын қатаң сақтауға және заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырады. Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтарға жол берген тұлғалардың тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.