Саңырауқұлақ жинауға кеткен: Павлодарда жоғалған әже табылды
1953 жылы туған зейнеткер Песчаное ауылында тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«VITA» еріктілер ұйымының мәліметінше, ол қалада ауруханадан шыққаннан кейін қызының үйінде қонақта болған. Қария пышақ пен пакет алып, кешкі асқа саңырауқұлақ жинау үшін жергілікті саябаққа барған. Алайда саңырауқұлақ жинап алғаннан кейін қызының мекенжайын ұмытып қалып, телефон нөмірін есіне түсіре алмағанын түсінген соң Песчаное ауылындағы үйіне қайтпақ болады.
– Қаладағы жанармай құю бекеттерінің біріндегі камераны қарап, жоғалған Тілеулес Төлеубайқызы трамвайға отырғанын көргеннен кейін Саяжай, вокзал, трамвай депосы ауданына қарай іздеу шараларын жалғастырдық. Оңтүстік полиция бөлімінің Бауыржан есімді қызметкері вокзалға кіріп, жергілікті полицейлерден «жоғалған әжені көрдіңіздер ме?» деп сұрағанда олар оның «Бистрода» отырғанын және оған тамақ сатып алып бергендерін айтты, – дейді еріктілер.
Ол вокзалға бара жатқан кезде трамвайда кондуктор жақындамаған. Осылайша вокзалға аман-есен жетіп, таңертеңге дейін сол жерде өзінің туған ауылына бару үшін автобус күтпек болады. Ал бұл кезде еріктілер қаланы аралап, жоғалған қарияны іздеп жүрген.
– Біздің мейірімді полицейлерімізге және бағдарынан жаңылған адамдардың жолында кездесетін барлық жақсы адамдарға алғысымыз зор. Мұндай жүрегі жұмсақ адамдардың болғаны қандай жақсы. Айналаңыздағы адамдарға бей-жай қарамауды өтінеміз. Біртүрлі әрекет жасайтын адамдарды көрсеңіздер, бізге хабарлаңыздар. Себебі, оларды туыстары іздеуі мүмкін, – дейді еріктілер.
Еріктілер ұйымында биыл өте қиын жыл болғанын айтады. Жоғалған адамдардың ішінде есінен айырылған аталар-әжелер, облыстық психоневрологиялық диспансерде (аутист, шизофрения және т. б.) тіркелген әйелдер мен ерлер, жігіттер, қыздар көп кездескен.