Павлодар облысының архивінде сақтау орны таусылуда

Кей архивтерде 5-10 жылға ғана орын қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық архивінде бір миллионнан астам құжат сақталуда. Облыс орталығында екі ғимарат бар: Академик Бектұров көшесі, 62/1 және Лермонтов көшесі, 51/1. Бірақ облыстағы барлық архив ғимараттарының ортақ мәселесі – орын тапшылығы. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов мәлім етті.
– Біз 19 ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі деректерді сақтаймыз. Кейбір архив ғимараттарында 5-10 жылға ғана орын қалды. Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласында архивтер жүз пайызды толық, – деп қосты Саяуыш Сәдуақасов.
Бұл мәселені шешу үшін Мәдениет министрлігі қосымша ғимараттар салудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, биыл тапсырады. Бұл жұмыстар өткен жылы басталуы керек еді, бірақ су тасқынына байланысты мұрағатқа бюджеттен қаржы жетпей қалды.
Мұрағатшылар 2018 жылдан бері деректерді цифрлаумен айналысады, бірақ осы жұмыстар мәселені шешпейді.
– Құжаттарды цифрландырсақ та, бәрібір қосымша ғимараттарды салу қажет. Өйткені цифрландырудан кейін құжаттардың түпнұсқасы да сақталуы керек, – деп түсіндірді Павлодар облысы мемлекеттік архивтің басшысы Бақыт Смақов.
Қазір мұрағатшылар сараптама жүргізіп, бірінші кезекте қай ауданға немесе қалаға қосымша құрылыс салу керек екенін анықтауда. Саяуыш Сәдуақасовтың айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай шешілуі тиіс.
Ал әзірге Бектұров көшесі, 62/1 бойындағы архивте жөндеу жұмыстары жоспарланып, оған облыс әкімдігі ақша бөлуде. Қараша айында жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.