«Толғауы тоқсан қызыл тіл»: Павлодар облысында жас ақындар сынға түсті
Жыр додасына 16-25 жас аралығындағы жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты облыстық жас ақындар мүшәйра конкурсы ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шара мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін көтеріп, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыруға, сондай-ақ, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табуға және қолдауға бағытталған.
– Байқауға облысымыздың қала, аудандарынан келген жас ақындар қатысып, өз шығармаларын жолдады. Жыр додасына облысымыздың қала, аудандарынан барлығы 23 үміткер бақ сынады. Қазылар алқасы 13 қатысушыны конкурстың ережесінде жазылған талаптарға сәйкес іріктеді, – дейді басқармада.
Жарыс нәтижелері бойынша, Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенті Бақдәулет Төлеухан өз қарсыластарынан озып, І жүлделі орынды иеленді. ІІ орын иегері Ақсу қаласы Ю. Гагарин атындағы ЖОББМ-нің оқушысы Еркебұлан Тіленіш атанды. Ал ІІІ орынды Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Рымбек Абзал қанжығасына байлады.
Айта кетейік, марапаттау рәсімінде жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.