Павлодарда түрлі ұлт өкілдері музейге сыйға тартқан кітаптар көрмеге қойылды

Павлодарда түрлі ұлт өкілдері музейге сыйға тартқан кітаптар көрмеге қойылды

Облыстық Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Ынтымақ – достық кепілі» атты көрме ашылды, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шараның негізгі мақсаты – көрмеге келушілерді елін, жерін сүюге, халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрыпын сыйлауды үйрету. 

– Көрмеге келген тұрғындарға Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығы жайлы ақпарат берілді. Жалпы көрмеге «Достықтың дархан ұясы», «Халық әндері», «Корей халқының салт-дәстүрлері», «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім аймағы» сынды кітаптар қойылған. Бұл кітаптарды өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері сыйға тартқан, – дейді Ербол Қайыров. 

Неміс, орыс, корей және татар-башкир тілдерінде жазылған туындыларда сол елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы,  тарихи деректер жайлы баяндалған. 

Сонымен қатар, айтулы мерекеге орай «Қазақстан – достық мекені» атты  дөңгелек үстел өтті. Шара барысында слайд, бейнеролик көрсетіліп,  музей  қызметкері оқушыларға осы мереке жайлы қызықты ақпартаттар ұсынды. Кездесуге  №7 орта  мектептің  оқушылары қатысты.

Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтарын көрмені 1 мамыр сағат 18:00-ге дейін  тамашалай алады. 

Мақсат Көлтайұлы