Торайғыров университетінің 65 жылдығына Шахимардан Әбілов көне рояль сыйлады

Торайғыров университетінің 65 жылдығына Шахимардан Әбілов көне рояль сыйлады
Фото: Константин Шелков

Көне рояль – әншімен жасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сыйлықты табыстау рәсімі университеттің концерт залында өтті. Әнші тек құнды аспапты сыйлап қана қоймай, дәл сол рояльдің сүйемелдеуімен бірнеше әйгілі опера ариясын орындады. Осылайша, аспаптың бүгінге дейін өзінің тамаша үні мен терең тембрін сақтағанын көрсетті.

– Университетке 65 жыл, маған 75 жыл, менің рояльіме де 75 жыл, – деп күлімсіреді Шахимардан Әбілов.

Бұл сый мәдени дәстүрлерге деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді. Торайғыров университетінің басшылығы маэстроға құнды тартуы үшін алғыс білдірді.

Сыйға берілген аспап университеттің музыкалық аудиториясында құрметті орын алады және болашақта концерттер мен репетициялар, оқу бағдарламалары барысында пайдаланылатын болады.

Еске сала кетейік, Торайғыров университеті биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде Павлодар индустриалды институтының ізбасары саналатын жетекші оқу орнынан 80 мыңға жуық білікті маман түлеп шыққан.