Павлодарлық ғалымдар орманшыларға жабайы жануарлардың құпиясын ашуға көмектесуде

Жоба биылғы күздің соңына дейін жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерваты аумағында жабайы жануарлардың мекендейтін орындары мен олардың санын зерттеу мақсатында ғылыми жоба басталды. Бұл үшін мамандар заманауи технологияларды – фототұзақтар мен арнайы цифрлық карталарды қолдануда. Мұндай әдіс жануарлар популяциясының жағдайын бақылауға, қауіп төнген сәттерді уақтылы анықтауға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Резерваттың аңшылық шаруашылығы маманы Қайыржан Әділбаевтің айтуынша, бұрын төрт фототұзақ орнатылған болса, енді олардың саны сегізге жетті. Бұл бастаманы ғалымдардың өздері ұсынған.
– Кейбір фототұзақтардың бөлшектері істен шыға бастады. Сол себепті сирек жануарлар мекендейтін аймақтарды толық қамти алмадық. Жаңа жоба арқылы популяцияны тереңірек зерттеуге, олардың нақты мекенін, мінез-құлқын, ұйқыға кету және ояну кезеңін, көбейу ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік туады, – дейді Қайыржан Әділбаев.
35 жылдық тәжірибесі бар маманның сөзінше, резерватта профессор-биолог ғылыми жұмыс жүргізіп келеді, алайда қосымша зерттеу жобалары бар мәліметтерді кеңейтуге сеп болады. Әсіресе қысқы есеп кезінде жабайы жануарлар мен құстардың санын нақтылау маңызды. Биылғы дерек бойынша аңшылар 264 бұлан, 932 сібір елігі, 18 қабан, 75 сілеусін және 81 қарсақ тіркеген. Сондай-ақ 352 түлкі есепке алынған.
– Әдетте фототұзақтар жасанды суаттардың қасында орнатылады. Биыл жаздың құрғақ басталуына байланысты оларды алдын ала тазаладық. Сонымен қатар борсық індерінің маңына да камералар орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар ұйқы маусымы басталғанша жұмыс істейді. Біз борсықтардың өмір сүру салтын, әсіресе түнгі белсенділігін егжей-тегжейлі зерттегіміз келеді. Жиналған ақпарат ғылыми зерттеулермен қатар экологиялық ағартушылыққа да пайдаланылады – өңір тұрғындарына жергілікті жануарлар дүниесінің байлығын таныстырамыз, – дейді маман.
Жоба жетекшісі – биология ғылымдарының PhD докторы, Торайғыров университетінің «Биология және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Зарина Серғазинова. Оның айтуынша, жоба нәтижесінде жиналған деректер халықаралық GBIF базасына енгізіледі. Бұл Қазақстанды биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі жаһандық желіге қосып, деректердің ашық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
– Жобаның қорытындысында түрлердің таралу карталары жасалып, олардың таралу аймағын болжау және модельдеу MaxEnt әдісі арқылы жүзеге асырылады. Бұл алгоритм белгілі мекендеу нүктелері мен өзге де айнымалылар негізінде түрдің таралу ықтималдығын болжауға, сондай-ақ аңшылық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, – дейді профессор.
Оның айтуынша, Қазақстан биологиялық әртүрлілік туралы Конвенцияның қатысушысы ретінде өзінің табиғи байлығын сақтау мен биоресурстарды тұрақты пайдалану жөнінде жауапкершілікке ие. Ал бұл жоба Конвенцияның ақпарат пен білім тапшылығын еңсеру жөніндегі тармақтарына сәйкес келеді.
Заманауи геоақпараттық технологиялар жануарлардың қай жерде мекендейтінін және олардың санының уақыт өте қалай өзгеретінін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық карталар арқылы табиғи ресурстар қорын есептеп, жануарларға қауіп төнетін аумақтарды анықтауға болады. Бұл әсіресе Қазақстанның солтүстік-шығысы үшін маңызды, себебі мұнда адамның шаруашылық қызметі мен экожүйелердің өзгеруі табиғатқа айтарлықтай әсер етеді.
– Сүтқоректілер экожүйенің ажырамас бөлігі, олар табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Егер олардың санын жүйелі түрде бақыламасақ, табиғи ресурстарды басқаруда қателіктер кетуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін заманауи бақылау әдістерін, спутниктік деректер мен цифрлық технологияларды қолдану қажет, – дейді Зарина Серғазинова.
Ғалымның айтуынша, Солтүстік Қазақстанның, соның ішінде Павлодар облысының биоалуантүрлілігін зерттеу XVIII ғасырдың екінші жартысынан бері жүргізіліп келеді. Ал аймақтың ұсақ сүтқоректілеріне арналған ең толық фаунистикалық талдау 2007 жылы Александр Соломатиннің еңбектерінде жарияланған.
– Жобаның бір міндеті – өңірде тіршілік ететін ұсақ сүтқоректілердің толық тізімін жасау және оны жаңа деректермен толықтыру. Бұл үшін фауна, экология және тереология саласындағы ғылыми еңбектер қаралып, автордың өз материалдары да пайдаланылды. Қорытынды тізімге өңірде бұрын-соңды тіркелген барлық түрлер енгізілді, – деді профессор.
Зерттеу мен әдеби деректерге сәйкес, аймақта ұсақ сүтқоректілердің 32 түрі бар. Ең көп таралғаны – кеміргіштер отряды. Ал жәндікқоректілер отряды жеті түрден тұрады.
Бұған дейін фототұзақтар борсықтар мен жас сілеусіндерді түсіріп алған. Ал жуырда камералардың біріне суатта шомылып жүрген бұлан түсіпті. Сондай-ақ зерттеу барысында орман өртіне қарсы ерте анықтау жүйелері де қолданылуда. Камераладың бірі алғаш рет Павлодар фаунасында сирек кездесетін бозторғай тектес жыртқыш – пустельганы түсіріп алған.