Павлодарда танымал сазгер Рахметхан Нұрбасаровтың әндері шырқалды

Павлодарда танымал сазгер Рахметхан Нұрбасаровтың әндері шырқалды
Фото: Автор

Әншінің 50 - ден астам ән-күйлері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Май ауданының өнерпаздарымен бірлесіп, әнші, сазгер Нұрбасаров Рахметхан Нұрбасарұлының 80жылдығына арналған «Ән әлемі» атты әдеби музыкалықкеш өткізді.

Кешке әншінің туыстары, Май аудандық мәдениет үйінің халық театрында елеулі еңбек еткен әртіс, әнші Жамия Рамазанова, Гүлжанат Нұрбасарова, мәдениет саласының ардагері КүләшАбылқасова және де тағы да басқа өнер сүйер қауым қатысты.

Кешті айтыскер ақын Ерлан Аманқожаұлы сазгерге арнау айтып бастады.

–    Ағам ән салуға өте құмар болып өсті, жүрген ортасын қуанышқа бөлеп, әндетіп жүретін. Гастрольдік сапармен Үнді, Қытай, Моңғол, Ресейдің Тува, Астрахань, Новосібір, Алтай, Омбы және басқа да көптеген шет елдерге шығып,  өнер көрсетіп келетін, – дейді әншінің кенже қарындасы Гүлжанат Нұрбасарова.

Әнші 1945 жылы 4 ақпанда Май ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрбасар өнерге жақын адам болған. Домбыра мен сырнайда ойнап, ән салған. Май өңірінде Бектұр ұрпактарының қай-қайсысы болсын өнерден кенде калған емес.

Кішкентай жасынан ән мен жырдың ортасында өскен әнші мектепті тамәмдағаннан кейін, ағасы қызмет жасайтын аудандық мәдениет бөлімінде, автоклуб меңгерушісі болып қызметке орналасады.

–   Қайын ағам қызмет ете жүріп, білім алу мақсатында облыстық халық шығармашылық үйі жанында баяншылар курсына оқуға түсіп, ең үздік бағамен аяқтайды. Кейін әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, мәдени бөліміндегі бұрынғы жұмысын жалғастырады, – деді сазгердің келіні Күләш Абылқасова.

Өзінің ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында әндерді домбыра мен сырнайға қосып әуелетіп халықтың сүйікті әншісіне айналған Рахметхан Нұрбасаров 1969 жылы өңіріміздегі «Жас ұлан» ұйымында жас жеткіншектерді ұлттық өнер арқылы ұлтжандылыққа баулыды. 1970 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, актер Қадыр Хамзиннің арнайы шақыруымен ағайынды Мерзихан Шайхин мен Рахметхан Нұрбасарұлын Аққулы аудандық халық театрына қызметке алдырады. Туа біткен шынайы талант көптеген жаңа қойылымдарды сәтті шығарып, халықтың қошеметіне бөленеді. Сонымен қатар әнші койылымдардың көркемдеуші суретші міндетін де атқарып, актерлік қырынан да танылған.

Сазгер 1978 жылы Иса Байзақов атындағы облыстык филармонияның бас көркемдік жетекшісі, режиссер, драматург Әнуар Қалиевтің шақыртуымен «Көгілдір Жасыбай» эстрадалық ансамбліне әнші болады. Ол Жаяу Мұса, Ақын Естай, Иса Байзақов сияқты Ертіс өңірінен шыққан өнер жұлдыздарының өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық дәрістер өткізіп, халыққа кеңінен насихаттайды.

Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының әндері де болды. Естай ақынның «Майда қоңыр», «Құсни корлан», Иса Байзақовтың «Исаның желдірмесі», Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әндерін ерекше сүйіп орындаған.