Павлодарда Махмет Қайырбаевтың замандастары батыр жайында естеліктерімен бөлісті

Павлодарда Махмет Қайырбаевтың замандастары батыр жайында естеліктерімен бөлісті
Фото: автор

Еске алу кешінде ҰОС қатысушының ұлы Мұрат Қайырбаев сөз сөйлеп, жазған кітаптарын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әскери даңқ музейінде Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған «Өшпес ерлік – ұрпаққа мұра» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, 5512 әскери бөлімшесінің сарбаздары қонақ ретінде шақырылды. Олардың ішінде Еңбек ардагері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Евгений Азаровтың Кеңес Одағының Батырымен бірге еңбек етіп, қаланың өсуіне қандай үлес қосқаны әлі есінде. Евгений Азаров 1976 жылы Павлодар қаласында атқарушы комитетінің төрағасы болып сайланған. Махмет Қайырбаев оның қасында жүріп, орынбасары ретінде жұмыс істеген.

– Өте керемет кісі еді. Айына екі рет қаланы аралаған кезде әлеуметтік, өнеркәсіптік, экономикалық дамуына серпін берген құрылысты бақылаған. Қаланы абаттандырып жатқан тұстарды өз көзімен көріп, көмек көрсеткен. Бес жыл ішінде 65 мың қылқан жапырақты ағаш отырғыздық,– деді Евгений Азаров. – Мен оның адамдарға деген мейірімді қарым-қатынасын, әділ көзқарасын және шынымен жұмыс істейтін адамдарды қолдайтынын әрқашан есімде сақтаймын. Біз мұндай адамды мәңгі есте сақтауымыз керек.


Павлодар облысының Құрметті азаматы және облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Валентина Шершнева да батырдың көзін көрген. 

– Мен Махмет Қайырбаевты Павлодар педагогикалық институтына түскен кезімнен танимын. Комсомолдық партиялық жұмыс, облыс әкімінің орынбасары ретінде жұмыс істегегенде ол кісі бізбен бірге жүрді. Жуырда Махмет Қайырбаевтың ұлы ол туралы үшінші кітабын жарыққа шығарды. Мен үшін сол кітапта батыр майданнан оралып, әлеуметтік қорғау бөлімінде жұмыс істей бастағаны жаңалық болды, – деді Валентина Шершнева.


Іс-шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы жерлес батырлардың ерлігін есте сақтау, өңірдің өткен тарихына қызығушылығын арттыру, адамгершілік-патриоттық тәрбиеге ықпал ету.

Еске сала кетейік, «Достық үйінде» Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай және Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған «Өмірі мен өшпес ерлігі» атты іс-шарада Мұрат Қайырбаев жазған үшінші кітаптың тұсауы кесілді.