ТЖД қызметкері: Павлодарда апатты деп танылған үйді босату керек
Үш үй апаттық болып тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тілекжан Галямов мәлім етті.
– Центральная көшесінде орналасқан 2, 6, 8-ші тұрғын үйлердің тексеру нәтижесі бойынша апатты болып тіркелді. Алтыншы үй блоктан салынған. Блоктардың ортасындағы дәнекерлердің байламдары үзіліп жатыр. Бұл үй 1989 жылы бой көтерген. Сондықтан барша тұрғындарды үйді тезірек босатуын сұраймыз, – дейді Тілекжан Галямов.
Спикердің айтуынша, тұрғындарды енді қайда тұрамыз деген ой мазалауы мүмкін, алайда бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі тұр. Оларға мемлекет тарапынан уақтыша баспана ұсынылады. Сондай-ақ үйді босату кезінде төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы бұл үйлерді жеке бақылауына алатын болады. Егер де қауіп төнсе немесе басқа да төтенше жағдай орын алатын болса, жедел түрде көмек көрсетілмек.
Айта кету керек, Центральная көшесі мекенжайындағы 6-шы үйдің мұндай жағдайда тұрғанына біршама уақыт болған. Бұған дейін түскен үйдің сыртындағы сызат бүгінде үлкейік келеді. Сараптама нәтижесіне сәйкес 18 қыркүйек күні үй апатты болып тіркелді.