Павлодарда серіктестіктің жеке қазандығы жарылды
Жарылыс салдарынан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің алдын ала ақпараты бойынша, Павлодар ЖШС қазандығының ғимаратында газ-ауа қоспасының жарылуы орын алған.
Жарылыс салдарынан қазандық ғимараты жартылай қирап, шатыры құлады. Екі адам зардап шекті. Олардың біреуі компрессор-оператор болса, екіншісі автогаз тасығыштың жүргізушісі.
- Қоңырау 16:27-де түсті. Оқиға орнына жедел жәрдем және апаттар медициналық орталығының бригадасы жіберілді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз орталығы.
Дәрігерлердің айтуынша, денесін күйік шалған 43 жастағы ер адам бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген. Ал 59 жастағы ер адам ауруханаға жатқызудан бас тартқан.