Успен ауданының шаруалары мемқолдау арқылы мол табысқа жетті
Павлодар облысында заманауи технологиялардың арқасында картоп өнімділігі гектарына 50 тоннаға таяды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Успен ауданында заманауи агротехнологияларды қолданудың нәтижесінде картоптан жоғары өнім алынды. Жұмыс барысымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапары кезінде танысты.
«Болаттар» ЖШС өкілі Қуанышбек Нұрмұқанның айтуынша, шаруашылық Успенка ауылындағы 1250 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнатып, 1080 метр тереңдіктен су алу үшін ұңғыма бұрғылаған. Биыл алғаш рет 250 гектар алқапқа картоп егілген.
Жобаға шамамен миллиард теңге инвестиция салынған. Шаруашылық қажетті техниканың барлығын жаңартып, тыңайтқыштар мен суару жүйесін пайдаланған. Тамшылатып суару жүйесін орнату шығындарының 80 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен өтелген. Сондай-ақ техника сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, фосфор және калий тыңайтқыштарына берілетін субсидиялар пайдаланылған. Нәтижесінде картоптың өнімділігі гектарына 45-50 тоннаға дейін жетіп, жалпы шамамен 3300 тонна өнім жиналды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шаруашылықтың нәтижесін мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды уақытылы қолданудың тиімділігін көрсететін мысал ретінде атап өтті.
- Осындай технологияларды әрі қарай қолдана берсеңіздер, шаруашылықты дамытуды жалғастырамын десеңіздер, әрине, қолдау көрсете береміз. Өйткені мемлекеттік қолдаусыз қиын. Барлық технологияны уақытында қолданып, жұмысты дұрыс ұйымдастырса, өнімділік те жақсы болады, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында министр мен облыс әкімі фермерлермен кездесіп, егін жинау науқанының барысымен және шаруашылықтардың өзекті мәселелерімен танысты. «Егімбай» шаруа қожалығының басшысы Сейтенәлі Абзалов биыл көктемде «Кең дала» бағдарламасы және лизинг тетігі арқылы тиісінше 75 млн және 450 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алғанын айтты.
- Егер тек өз қаражатыңа ғана сүйенсең, қиын болар еді. Өйткені өнім – алдын ала болжап болмайтын дүние, – деді фермер.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруалардың агротехнологияларды толық әрі уақытылы қолдануы жоғары нәтижеге жеткізетінін атап өтті. Оның айтуынша, биыл ауа райы да оңай болған жоқ: жаз мезгілінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілді. Соған қарамастан, суару, гербицидтерді қолдану, техника және несие ресурстарын уақытылы пайдалану өнімділікті сақтауға мүмкіндік берген.
- Сіздер барлық мүмкіндікті уақытында пайдаландыңыздар: суару жүйесі, гербицидтер, техника сатып алуға арналған несиелер. Енді еңбектеріңіздің жемісін көріп отырсыздар. Мемлекет фермерлерді қолдауды жалғастырады. Шаруашылықтарды одан әрі дамыту қажет. Барлық мемлекетте мұндай қолдау жоқ – бес пайыздық мөлшерлемемен несие беру үлкен мүмкіндік. Биыл жыл күрделі болды, жазда +35+40 градус ыстық болды. Соған қарамастан, еңбектің және агротехнологияларды сақтаудың арқасында жақсы өнім алынды, – деді министр.
Асайын Байхановтың пікірінше, фермерлердің агротехнологияларды толық сақтауына қолжетімді қаржыландыру, субсидия және техника айтарлықтай ықпал етеді.
- Фермер несие, субсидия, техника және суару жүйесінсіз агротехнологияларды толық сақтай алмайды. Бұған тағы бір рет көз жеткіздік. Қазір барлық қажетті қолдау уақытында беріледі. Фермерлер бұрынғыдай көктемде несие күтпей, келесі маусымға күзден бастап дайындала алады, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында министр фермерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасатынын айтып, шаруашылықтарды дамытуға және өндірістің тиімділігін арттыруға шақырды. Сондай-ақ ол Президент тапсырмасына сәйкес еңбекқор және жауапты шаруаларды жан-жақты қолдау маңызды екенін атап өтті.