Павлодарда шекара қызметі жаңа келісімшарттық сарбаздармен толықты

Павлодарда шекара қызметі жаңа келісімшарттық сарбаздармен толықты
Фото: Павлодар облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаменті

Әскери қызметшілер тегін медициналық көмекпен, киіммен және азық-түлікпен қамтамасыз етіледі, зейнетке ерте шығу мүмкіндігі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Шекара қызметі департаменті алғаш рет 6 ай мерзімді әскери борышын өткеріп келген сарбаздарды келісімшарт негізіндегі қызметке қабылдады. Жас сарбаздар 2024 жылдың қыркүйегінде Павлодардан шығып, еліміздің шығыс өңіріндегі шекара басқармаларында әскери қызмет атқарған болатын. Енді олар туған өңірі – Павлодар облысындағы мемлекеттік шекараны күзетеді.

Келісімшарт бойынша қабылданған бес сарбаздың барлығы 20 жаста, көбісі колледж бітірген. Алғашқы келісімшарт мерзімі – 3 жыл, әрі қарай ұзартуға болады.

Қызметтің артықшылықтарына 250 000–400 000 теңге көлеміндегі жалақы (лауазым мен өңірге байланысты), әр отбасы мүшесіне ай сайын 47 000 теңге тұрғын үй төлемі, 100 км-ден астам қашықтыққа ауысқанда 2 айлық жалақы көлемінде көшуге өтемақы және отбасы мүшелеріне 0,5 айлық қаражат төлеу кіреді. Сонымен қатар, әскери қызметшілер тегін медициналық көмекпен (санаторий-курорттық емді қоса алғанда), киім-кешекпен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Қосымша оқудан өтіп, офицерлік лауазымдарға өту мүмкіндігі бар. Зейнетке шығу жасы 45-47 жас, – деді Павлодар облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңа құрам шекара бөлімшелері мен бақылау бекеттерінде қызмет етіп, шекара қауіпсіздігіне үлес қосатын болады.