Павлодарлықтар «SOS» дабыл түймесін қанша рет пайдаланды?
Павлодар қаласында төтенше жағдай кезінде жедел көмек шақыруға арналған «SOS» дабыл түймелері 20 жерде орнатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, дабыл түймелері қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементтерінің бірі саналады. Құрылғыларға бейнекамера орнатылған, ал динамиктер арқылы азамат жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен тікелей сөйлесе алады.
Төтенше жағдай кезінде азаматтар түймені басып, бірден полиция қызметкерімен байланыса алады. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 29 адам пайдаланған.
Негізгі шақыртулар әкімшілік сипаттағы құқық бұзушылықтарға байланысты болған. Олардың қатарында тыныштықты бұзу, көшеде мас күйінде жүру, қоқыс тастау, жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да құқық бұзушылықтар бар.
Құқық қорғау органдары заң бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді немесе оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартады.