Жайдарман мен лазер: Павлодарда балаларға арналған қандай тегін үйірмелер бар?

Бір оқу жылы ішінде мекемеге екі мыңнан астам оқушы сабақтарға жазылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екінші Павлодарда «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы ашылған бетте балалар мен жасөспірімдерге арналған 17 үйірме жұмыс жасады. Оқу жылы барысында олардың қатары қосымша курстармен толықты.
—Үйірмелермен қатар біз ағылшын, қазақ тілі және мектепалды дайындық курстарын аштық. Оларға арнайы кабинеттер жабдықталды. Алайда олар тегін емес, – деді «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының басшысы Саян Мұқанов.
Оқушылар арасында музыкалық және шығармашылық бағытындағы секциялар сұранысқа ие. Кейбір үйірмелерге жүзден астам бала жазылуға өтініш білдірді.
— Қыш-құмыра жасау үйірмесіне жасөспірімдердің арасында қызығушылық қатты байқалады. Кабинет арнайы пештермен, білдектермен және компрессорлармен жабдықталған, — деді Саян Мұқанов.
Келер оқу жылында мекемеде тың бағыттағы үйірме ашылады. Орталық қызметкерлерінің сөзінше жаңа секция балалардың бойында импровизациялық қабілеттерін дамытып, тұйықтылығын жеңуге көмектеседі.
—Жайдарманның ішіне актерлік шеберлік те, вокалдық өнер де, би барлығы кіреді. Бала жан-жағынан дамиды. Қарап тұрсақ бүгінгі танымал актерлер, журналистердің көпшілігі жайдарманда ойнаған. Бұл керемет бастама деп ойлаймын, – деді үйірме жетекшісі Ілияс Қоңыратпаев.
Бір оқу жылы аясында оқушылар түрлі додалар мен сайыстардың жүлдегерлері аттанды.
— Біздің домбрышылар былтырғы жылы өткен сайыста бірінші орын иеленді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қазақ балаларымен қатар, сабақтарға өзге ұлт өкілдерінің балалары да қатысады, — деді домбыра мұғалімі Арсен Бейсенов.
Ал әнші балалар «Ertis Promenade» сахнасында бірнеше мәрте өнер көрсетті. Арнайы жабдықталған студияда әндер жазып, қалалық және облыстық шараларда өнерлерін көрсетіп жүр.
Сонымен қатар, орталықта мобилография және болашақ журналистерді дайындайтын курстар бар. Кішкентай әріптестеріміз практика жүзінде сабақтар алып, дайын өнімдерін YouTube арналарына жүктейді.
— Біз практикалық тапсырма негізінде оқытамыз. Теорияны балалар интернеттен де тауып, оқи алады. Сабақтарда біз арнайы техникалармен жұмыс жасап, түрлі контент жасаймыз. Мысалы, «Halyq radiosy»-да қос тілде шығатын «Ақ желкен» бағдарламамыз бар. Оны толығымен оқушылар өздері әзірлейді, — деді журналистика үйірмесінің оқытушысы Асыл Әбіш.
Асыл Әбіштің сөзінше, қазір облыстық «Ertis» телеарнасымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оқушылар арнайы тележоба дайындайтын болады.
Шығармашылық бағыттармен қатар орталықта инновациялық технологияларды үйрететін секциялар көп. Атап айтқанда: «ІТ кеңістік», «Business Space», «Workshop», «Soft-skills space».
— Оқушылар алдымен компьютерлерде жасайтын бұйымдардың 3d жобасын құрастырып алады. Кейін лазерлік білдектің көмегімен оны басып шығарады, — деді орталық басшысы Саян Мұқанов.
Орталық 09:00-18:00 аралығында күн сайын жұмыс істейді. Қазір жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналар балаларын орталыққа келіп немесе +7 (776) 820-30-90 байланыс нөмірі арқылы жаза алады. Үйірмелер ресми жұмысын 15 қыркүйек күні бастайды.