IT әлеміне жол: Павлодарда «Tomorrow School» ашылды

IT әлеміне жол: Павлодарда «Tomorrow School» ашылды
Фото: Ақмарал Есімханова

Оқуға өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Tomorrow School» Торайғыров университетінің базасында іске қосылды. Ашылу рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығына сапары барысында телекөпір форматында өтті.

«Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub базасында құрылған. Телекөпір форматында Президент еліміздің 14 өңірінде мектептер желісін іске қосты.

Мектеп жеке ғимаратта орналасқан және барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған: мұнда 52 моноблок орнатылып, заманауи дизайнмен жасалған оқу кеңістіктері қарастырылған.

Павлодардағы «Tomorrow School» кампусының жетекшісі Ильдар Асановтың айтуынша, жоба екі жыл бұрын Astana Hub қолдауымен басталған. Қазіргі таңда бастама еліміздің өңірлерінде жетекші жоғары оқу орындары базасында кеңейтіліп жатыр.

- Біз жасанды интеллект саласында мамандар дайындаймыз және оларды кейін жұмысқа орналасуға бағыттаймыз. Оқуға 18 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - «бассейн», бұл төрт апталық қарқынды іріктеу, оның нәтижесінде ең ынталы әрі қабілетті қатысушылар анықталады. Содан кейін олар екі жылға созылатын негізгі оқуға өтеді, - деді Ильдар Асанов.

Мектепте негізгі назар бағдарламалауға аударылған. Студенттер алғашқы сабақтан бастап қолданбалы сипаттағы нақты тапсырмаларды орындайды. Бұл үдерісте менторлар бағыт-бағдар беретін тәлімгер рөлін атқарады.

Оқу процесі «peer-to-peer» жүйесі бойынша ұйымдастырылған, яғни қатысушылар бір-бірімен өзара әрекеттесу арқылы білім алады. Astana Hub жанындағы жасанды интеллект мектебі 01 Edu платформасында жұмыс істейді және бағдарламалау бойынша бастапқы дағдыларды талап етпей, тегін білім алуға мүмкіндік береді.

Ильдар Асановтың айтуынша, алғашқы «бассейн» кезеңі Google компаниясы әзірлеген Go бағдарламалау тілінде өтеді.

- Алдымен қатысушылар қарапайым топтық жобаларды орындайды: мысалы, шағын ойын немесе сайт жасау. Кейін тапсырмалар күрделене түседі, олар бейне мен суреттерді өңдеуге арналған сервистерді әзірлеуге, қарапайым нейрожелілер мен веб-қосымшалар жасауға көшеді, - деді ол.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы Сабина Мейрамның айтуынша, оқу толықтай қатысушылардың өзара әрекеттесуіне негізделген.

- Біз дәстүрлі лекциялар мен стандартты практикалық тапсырмалардан бас тарттық. Мұнда студенттер өздігінен оқып, жобаларды орындау арқылы тәжірибе жинақтайды және бір-бірімен білім алмасады. Мектеп тәулік бойы жұмыс істейді, сондықтан әркім өзіне ыңғайлы уақыт пен қарқынды таңдай алады. Кезеңдерден өту барысында қатысушылар бағыттарын анықтайды: блокчейн, криптовалюта, веб-қосымшалар әзірлеу, бейнеойындар немесе деректер аналитикасы. Әр бағыт бойынша портфолио қалыптасады. Бізге бастапқы дағдылары бар жаңадан бастаушылар да, тәжірибелі мамандар да келе алады, - деді Сабина Мейрам.

Павлодар облысы үшін өнеркәсіптік өңір ретінде өндірістік процестерді автоматтандыра алатын мамандарды даярлау ерекше маңызды. Жасанды интеллект технологияларының дамуын ескерсек, мұндай кадрларға сұраныс арта түсуде.

Жыл соңына дейін төрт іріктеу кезеңін өткізу жоспарланып отыр, оған 150-ге дейін адам қатыса алады. Әр кезеңнің қорытындысы бойынша 10 қатысушыға дейін негізгі оқуға қабылданады.

Оқуды аяқтаған түлектер 01 Edu платформасының сертификатын алады. Бұл - француз профессоры, бағдарламалау пәнінің оқытушысы Николя Садирак әзірлеген заманауи білім беру жүйесі. Платформа тәжірибеге негізделген оқыту мен студенттердің өзара әрекеттесуіне ерекше мән береді.

Бүгінде осы жүйенің түлектері Google, Amazon және басқа да ірі халықаралық компанияларда жұмыс істейді. Мәселен, Астанада 2024 жылы 13 іріктеу кезеңі өткізіліп, 450-ден астам адам іріктеуден өткен. Биыл алғашқы түлектер шығарылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде студенттер Astana Hub резиденті компанияларынан жұмыс ұсыныстарын алып жатыр.

Осындай мүмкіндіктер енді павлодарлықтар үшін де қолжетімді.