Павлодарлық оқушы республикалық Әбіш оқуынан жүлдемен оралды

Павлодарлық оқушы республикалық Әбіш оқуынан жүлдемен оралды

Павлодар қаласының №2 ЖОМ 10-сынып оқушысы Азиза Бауыржан үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы білім басқармасының мәлімдеуінше,  республикалық дода 12 мамырда Атырау қаласында белгілі мемлекет қайраткері және жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығын білуге арналған төрт номинация бойынша өтті. Шараның ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің орта білім Комитеті.

Оқулар қорытындысы бойынша Азиза «Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына иллюстрациялар» номинациясы бойынша III орынға ие болып, орта білім Комитетінің III дәрежелі дипломымен марапатталды.

- Азиза Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі бойынша өзінің 2 суретін таныстырды. Суреттерде су көзінің орналасқан жерін дәл анықтаған Маңғыстау өңіріндегі белгілі құдық Қараш Бейнеубай бейнеленген. «Күй» повесі бойынша суретте түрікмендер мен қазақтар арасындағы қақтығыс нәтижесінде түрікмендерге тұтқынға түскен қазақ күйшісінің тағдырының қайғылы жағдайын жеткізетін ұлттық аспап – домбыраның рөлін, таңқалдыратын күйдің әуезділігін көрсете алды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, байқаудағы тапсырма бойынша ол «Галстук» әңгімесі бойынша да сурет салды.