Май ауданында тіл саясаты мәселелері талқыланды
Аталмыш семинарда ономастика саласына ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Май ауданында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында тіл саясаты бойынша көшпелі семинар өтті.
Шараға Айтмұхамбет Тұрышев, Айман Зейнуллина сынды Торайғыров университетінің профессорлары, облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, сонымен қатар ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері мен аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлімдердің мамандары, «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Семинар қала, аудандардағы тіл саясатына жауапты мамандарға ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын түсіндіру және көрнекі ақпарат мәселесіне қатысты заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстыру мақсатында ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, мәжілісте ономастика саласы да ескеріліп, елді мекендердің тарихи, жер-су атауларын қалпына келтіру, идеологиялық тұрғыда ескірген көше атауларын өзгерту тәртібі түсіндіріліп, осы жұмысты жүргізу барысында бағыт-бағадар беру үшін мамандарға әдістемелік нұсқаулықтар таратылды.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара соңында ауданда тіл саясаты мен ономастика жұмыстарына үлес қосқан азаматтар басқарма басшысының атынан Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.