Павлодарлық оқытушылар Оңтүстік өңірдегі түлектермен кездесті
«Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен талапкерлерді қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің оқытушылары Жамбыл облысының Аса, Сарыкемер, Байзақ аудандарына барып, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, мектеп түлектерімен кездесу ұйымдастырды.
Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы бастау алған болатын. Аталған бағдарлама аясында талай жас талапкерлер білім алды.
«Серпін» бағдарламасы халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру бағытында қолға алынған. Ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлінген болатын. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады.
Университет ұстаздары Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде, 1 орта мектепте, Б.Момышұлы атындағы мектепте болды. Сонымен қатар, Сарыкемер ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназиясында, Мұратбаев атындағы мектепте, №1 мектепте, сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі түлектерімен кәсіптік бағдар беру бойынша кеңес өткізді.
Оқытушылары талапкерлерге Марғұлан университеті туралы бейнеролик көрсетіп, оқу орны туралы әңгімелеп берді. Студенттер де өз кезегінде мұнда оқытылатын мамандықтар туралы сұрақтарын қойып, жоғары оқу орнының мәдени өміріне қызығушылық танытты.
Бұдан бөлек, оқытушылар барша талапкерлерге ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, қалаған оқу орнына түсуді тіледі.