Жақсылық жасаудан басталған жол: шарбақтылық «жасылелдіктің» ерекше естелігі

Жақсылық жасаудан басталған жол: шарбақтылық «жасылелдіктің» ерекше естелігі
Фото: автор

Биыл ол «Жасыл елдің» үздік сарбазы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Адамдарға көмектесіп, туған өлкесіне пайдасын тигізуді мақсат еткен Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінің студенті Сұңқар Мұхтар «Жасыл ел» қозғалысында екі жыл ішінде белсенді жасқа айналды. 2026 жылы ол Павлодар облысының үздік сарбазы атанды.

Сұңқар қозғалысқа 2025 жылы, колледждің бірінші курсында оқып жүргенде досымен бірге қосылған. Алғашында еңбек жұмыстарына қатысқан ол кейін іс-шараларды ұйымдастыруға да белсене араласа бастады. Жасақ мүшелерімен бірге аумақтарды тазалап, қоқыс жинап, қарт адамдарға көмектесті.

Сұңқардың есінде ерекше сақталған сәттердің бірі — үй шаруасына көмектескен әжеймен кездесуі.

- Біз әжейдің ауласын тазалауға бардық. Оның немересі Астанада тұрғандықтан, мен отын жаруға да көмектестім. Содан кейін бірге отырып әңгімелестік. Әжей бізге тұздалған қияр берді. Өте жақсы кісі екен, — дейді Сұңқар.

Еңбекке жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытқаны үшін жас студент «JASYL EL AWARDS 2026» салтанатты рәсімінде «Үздік сарбаз» атағына ие болды. Алдағы уақытта Сұңқар еңбек жасақтарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жастардың қозғалысқа қатысу белсенділігін арттырғысы келеді.

Оның айтуынша, «Жасыл ел» — тек еңбек ету мүмкіндігі емес, сонымен қатар адамдарға көмектесіп, ортақ мақсаттағы жастармен бірге туған өлкенің дамуына үлес қосатын орта.

Күні кеше Павлодарда «JASYL EL AWARDS 2026» атты XXII еңбек маусымының облыстық жабылу салтанаты өтті. Шара барысында өңірдің көркеюіне, экологиялық мәдениеттің дамуына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының жүзеге асуына үлес қосқан үздік сарбаздар, командирлер, еңбек жасақтары мен эковолонтерлер марапатталды.