Павлодар облысында «Менің Жеңіс тарихым» патриоттық флешмобы басталады

Павлодар облысында «Менің Жеңіс тарихым» патриоттық флешмобы басталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Акцияға кез келген адам қатыса алады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Менің Жеңіс тарихым»  патриоттық флешмобы басталады. Шараға қатысу үшін соғысқа қатысқан немесе сол кезде өмір сүрген туыстарыңыздың суретін әлеуметтік желілерде жариялау қажет. Сондай-ақ қысқа әңгіме немесе естелік жазып,  #МояИсторияПобеды, #80летПобеды, #МеніңЖеңісТарихым, #Жеңіске80Жыл хэштегтерді қосыңыз. 

Мысалы Ұлы Отан соғысының қатысушысы Бимырза Құрманғалиевтың балалары батыр туралы естеліктерімен бөліскен.    

– Әкеміз 1915 жылы дүниеге келген. Павлодар облысының тумасы. Саратов әскери-саяси училищесін бітірген. Лейтенант атағын алған. Біз – балалары, немерелері, шөберелері әкемізді, атамызды, арғы атамызды еске алып, мақтан тұтамыз. Біз сіздерді әрдайым есімізде сақтаймыз және сіздердің алдыңызда басымызды иеміз. Ерлік үшін, жеңісі үшін рақмет! Сіздің балаларыңыз болу – зор мәртебе! – деп жазады олар. 

Бимырза Құрманғалиев соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, белсенді партия қызметкері болған. 1964 жылдан бастап Ақтоғай ауданында тұрған. Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Шідерті  совхозында партия ұйымының хатшысы, совхоз бөлімшесінің басқарушысы болып еңбек еткен. Сол жерден құрметті еңбек демылысына шыққан. 1981 жылы өмірден өткен. 

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Еңбек озаты», «Тың жерлерді игергені үшін» марапаттары мен медальдарын алған.