Екібастұздағы жаңа ықшам ауданда жаңа мектеп бой көтере ме?

Екібастұздағы жаңа ықшам ауданда жаңа мектеп бой көтере ме?
Фото: Константин Шелков

Бүгінгі күні балалар түрлі мектептерге барып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласының жаңа 21 шағын ауданында тұрғындар мектеп құрылысына қажеттілікті көтерді. Аталған аудан тұрғындарының айтуынша, ықшам ауданда 15-тен астам көпқабатты үй орналасқан, ал балалар әртүрлі мектептерге баруға мәжбүр. Сондықтан жергілікті тұрғындар жаңа мектеп салуды сұрап отыр.

– Халық арасында біздің ауданды «мың бала» деп атайды. Біздің аумақта бос орын бар. Сол жерге мектеп салсақ жақсы болар еді, – деді Мәншүк Мәметова көшесінің тұрғыны.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, қазіргі таңда қалада кейбір мектептерде оқушылар орындары жеткілікті, сондықтан жаңа мектеп салу үшін алдымен бар мектептердің жүктемесі теңестірілуі тиіс.

– Біз бар мектептердің толық жүктемесін есепке алмай, жаңа мектеп салуға уәде бере алмаймыз. Бас жоспарға сай бос жерге әлеуметтік нысан немесе спорттық объектілер, балаларға арналған инфрақұрылым жоспарлануда. Ол жер жеке кәсіпкерлерге берілмейді, – деді әкім.

Еске сала кетейік, Екібастұз қаласында жайлы өмір сүру үшін 12 мың көше шамдары орнатылды. 186 аулада балалар мен спорт алаңдары орнатылды.