Железин ауданында мемлекеттік қызметшілерге жаңа заң талаптары түсіндірілді

Железин ауданында мемлекеттік қызметшілерге жаңа заң талаптары түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесу барысында қатысушыларға заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Железин ауданы әкімдігінде қызметтік әдеп, заңнама талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Жиынға аудандық мекемелердің қызметкерлері және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин қатысты.

Кездесу барысында облыстық департамент басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен мемлекеттік қызметті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері туралы айтып берді.

Атап айтқанда, қатысушыларға 2025 жылы енгізілген заңнамалық жаңашылдықтар және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң жөнінде түсіндірілді.

Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қызметшілермен жұмыс барысында заңнама талаптарын түсіндіруге, кеңес беруге және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріліп келеді.

Қызметтік әдеп нормаларын сақтау, әсіресе, халықпен қарым-қатынас кезінде маңызды. Аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер күн сайын азаматтарға қызмет көрсетіп, өтініштерін қарайды және түрлі мәселелерін шешуге көмектеседі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерден кәсібилікпен қатар, азаматтарға құрметпен қарау, объективтілік, адалдық пен жауапкершілік талап етіледі.

Мадияр Әбілдиннің Железин ауданына жұмыс сапары аясында мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қызметкерлерге жаңартылған заңнама талаптары түсіндірілді.