Ақ-қара тақтадағы тартыс: Жетекшіде ашық шахмат турнирі өтті
Жарысқа ауылдың ардагерлері қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жетекші кентінде шахматтан ашық біріншілік ұйымдастырылды. Рапид форматында өткен жарыста әр партияға 10 минуттан беріліп, ойын барысында қосымша уақыт қарастырылмады.
Турнирдің ашылуында жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысы Нұрлан Әбелдинов қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Ол өз атынан және кент әкімі Нұрлыбек Әбдірахмановтың атынан спорт ардагерлеріне сәтті ойын өрнегін көрсетуді тіледі.
«Ақ жүрек» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен тартысты бәсекеде ерлер арасында Владимир Гребенщиков бірінші орынға ие болды. Сергей Кириченко екінші орын алса, Валентин Устинов үздік үштікті түйіндеді. Әйелдер арасында Людмила Белаш жеңімпаз атанып, Галия Баженова екінші орынға тұрақтады.
Турнирдің ерекше сәттерінің бірі – 82 жастағы Жұмагелді Мұқашевқа құрмет көрсетілуі болды. Жарыстың ең үлкен қатысушысы арнайы аталым бойынша марапатталып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Оның шахматқа деген ықыласы мен белсенділігі сүйікті іспен айналысуға жас кедергі емес екенін көрсетті.