Павлодарда волонтерлерге арналған шеберлік сабағы өтті

Павлодарда волонтерлерге арналған шеберлік сабағы өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шарада жастар төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету және қауіпсіздік ережелерін үйренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Оқушылар сарайында «Біртұтас тәрбие» республикалық бағдарламасы аясында «Қамқор» жобасының волонтерлік жасақтарына арналған облыстық слет өтті. Шараға 11 мен 17 жас аралығындағы 80-нен астам бала қатысты.

– Слеттің мақсаты – өңір жастарын біріктіру, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және еріктілер бастамаларын қолдау арқылы көшбасшылық қасиеттерін дамыту болып табылды. Қатысушылар бес бағыт бойынша жұмыс жасады: эко волонтерлік, медиа волонтерлік, төтенше жағдай кезіндегі көмек, көшбасшылық және тимбилдинг, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Жазғы демалыс кезеңінің қауіпсіз өтуіне орай облыстық ТЖД қызметкерлері мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары волонтерлерге төтенше жағдайлар кезіндегі алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын өткізді. Олар суда құтқару, жер сілкінісіне әрекет ету және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйретті.

Іс-шара еріктілер қызметінің маңызын айқындай отырып, жастардың қауіпсіздікке қатысты хабардарлығын арттыруға ықпал етті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жаңа жобалар іске асырылатынын атап өтті.