Железиндік ардагерлер облыстық туристік слетте үздік үштіктен көрінді
Шара «Белсенді өмір сүр – позитивті ойла!» ұранымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Туристік слеттің басты мақсаты – аға буын өкілдерін белсенді әрі мазмұнды өмір салтына тарту. Қатысушылар тек жарысып қана қоймай, өзара пікір алмасып, жаңа таныстықтар орнатады, түрлі бағыттағы іс-шараларда бақ сынап, дене белсенділігін сақтауға мүмкіндік алады.
Іс-шара Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып, «Белсенді өмір сүр – позитивті ойла!» ұранымен өтті.
Облыстың қалалары мен аудандарының ардагерлері бас қосқан шарада Железин ауданының «Ақ қайың» командасы жаңартылған құраммен сынға түсті. Слет аясында ардагерлер бірнеше бағыт бойынша өз өнері мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Бағдарламаға шығармашылық тапсырмалар, команданы таныстыру, тәжірибелік сынақтар және спорттық жарыстар енгізілді.
Железиндік қатысушылар кедергілер жолағы мен эстафеталық жарыстан сәтті өтті. Ал Любовь Яркова аспаздық шеберлігін танытып, алау басында туристік түскі ас әзірледі. Сонымен қатар, команда ерекше фотозона ұйымдастырып, өзіндік таныстырылымын ұсынды.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша Железин ауданының «Ақ қайың» командасы тоғыз команданың арасынан үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орынға ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ардагерлердің белсенді өмір салтын сақтауына, жаңа қызығушылықтарға бет бұруына және командалық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.