Железин ауданында трактормен шөп шапқан тұрғынға айыппұл салынды
Ер адам өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданы Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, 27 маусымда сағат 15:30 шамасында рейдтік іс-шараларды өткізу барысында «Қайыңды» орманшылығының 119-кварталына жақын далада жүрген азаматтың ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны анықталды.
– Трактормен шөп шапқан адамның өзімен бірге өрт сөндіруге арналған жабдықтар мен құралдары болмаған. Осылайша ҚР ормандарындағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының 19-тармағы 4-тармақшасының талаптарын бұзған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 367-бабы 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді мекемеде.
Сондай-ақ 28 маусымда шамамен сағат 18.35-те рейд барысында «Уақ» орманшылығында ер адам мемлекеттік орман қорында бола тұра ағаштардың астында заңсыз от жаққаны анықталды. Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 367-бабы, 1-бөлігіне сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.