Павлодарда Qala Run жарысына тіркелу санаулы күнде жабылды

Дәстүрлі жүгіру жарысына қатысуға ниет білдіргендер саны көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тіркеу небәрі үш күнде аяқталды. Өйткені, барлығы жоспарланған 500 слот әуесқой спортшылар арасында сатылып кетті. Дегенмен, ниет етушілер табылды. Олардың өтініші бойынша тіркелуге қосымша 77 орын ашылып, екі сағаттың ішінде жабылып кетті.
– Біздің мақсатымыз – өңіріміздің жүгіру дәстүрін насихаттап, адамдарды салауатты өмір салтына тарту. Үш жыл ішінде бұл жарыс аймақтың спорттық күнтізбесінде лайықты орын алды. Спорттық оқиғаға қызығушылық танытатын азаматтар да көбейе түсті, тіпті, басқа өңірлердің спортшылары да арнайы келеді, – дейді Qala Run жарысының race-директоры Болат Ордабаев.
Қатысушылар географиясы кеңейіп жатыр. Биыл Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Семей, Барнауыл, Новосібір және Павлодар облысының қалаларының жеңіл атлеттері қатысады.
Жаппай жүгіру шарасы қала күніне орай үшінші рет өтеді.
Екі жыл бұрын шамамен 300 әуесқой спортшы тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 500-ге жеткен. Қатысушыларға үш қашықтық ұсынылады: 5, 10 және 21 шақырым. Мәреге жеткен әр қатысушы Freedom.team қоғамдық бірлестігі әзірлеген ерекше жейде мен медальдан тұратын старттық жинақ алады.
Жүгіру жолының бойында жедел-жәрдем бригадалары мен азықтану пункттері кезекшілік етеді. Жарыс қалашығы 19 шілде күні таңғы 6:00-де жұмысын Орталық жағалауда бастайды, ал 7:00-де жартылай марафон және 10 шақырымдық қашықтық қатысушылары жарысқа шығады.