Павлодарда аз қамтылған жүкті әйелдерге әлеуметтік көмек беріледі

Павлодарда аз қамтылған жүкті әйелдерге әлеуметтік көмек беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Онкологиялық, диабет және қызыл жегі диагнозы бар азаматтарға да көмек қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жүктілік бойынша 12 аптаға дейін есепке тұрған әйелдерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төлем мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 640 теңге.

Бұл көмек жан басына шаққандағы орташа табысы 2025 жылдың II тоқсаны үшін белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (49 888 теңге) аспайтын отбасыларға арналған.

– Әлеуметтік көмек алу үшін 12 аптаға дейінгі жүктілік туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтамасы, отбасының жиынтық табысын растайтын құжаттар (жалақы, стипендия, жәрдемақы, алимент туралы мәліметтер), балалардың туу туралы куәліктері немесе әкесі туралы жазбалар, мансап орталығынан анықтама (жұмыссыздар үшін), атаулы әлеуметтік көмек алу туралы анықтама (бар болса), банктік шоттың болуы туралы хабарлама және жеке куәлік қажет, – делінген бөлім таратқан хабарламада.

Айта кетейік, қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, онкологиялық аурулармен, қант диабетімен және жүйелі қызыл жегі диагнозы қойылған азаматтарға да 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде біржолғы көмек көзделген.

– Әлеуметтік көмек алу үшін онкологиялық ауруы бар азаматтар онкодиспансерден анықтама, ал қант диабетімен және жүйелі қызыл жегі диагнозы бар азаматтар қалалық емханадан дәрігерлік-кеңес комиссиясының (ДКК) анықтамасын ұсынады. Сонымен бірге барлық өтініш берушілер банктік шоттың болуы туралы хабарлама тапсыруы тиіс, – деді ведомствода.

Өтініштерді электрондық форматта egov.kz порталы арқылы немесе қағаз нұсқасында Кривенко көшесі, 25 мекенжайындағы «Open Pavlodar» фронт-офисінің №3 үстеліне тапсыруға болады.