Ішкі істер министрі павлодарлықтарға қылмысты қалай азайтуға болатынын айтты

Ішкі істер министрі павлодарлықтарға қылмысты қалай азайтуға болатынын айтты

Алдын алу жұмыстары басты назарда болуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Қылмыстың ашылғаны туралы қуана хабарлап жүргенше, оның алдын алған дұрыс, – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Марат Ахметжанов жиналғандарға адамдардың санасын өзгерту керектігін айтты. Павлодарда ашылған сервистік орталық халыққа көші-қон, пробация, кәмелетке толмағандар және көлік мәселелері бойынша қызмет көрсетуге арналған. Сапалы полиция қызметін көрсету заңдылық, уақытылы ақпараттандыру, жан-жақтылық және әдептілікке негізделген.

Министр қылмыстың алдын алу туралы айта келе, жағдайды тек жазалау шараларымен жақсартуға болмайтынын атап өтті. Қылмыстың себептері әлеуметтік тәртіпсіздікте, моральдық қағидалардың құлдырауында, ішімдік пен нашақорлықты асыра пайдалануда, ойынға тәуелділікте жатыр. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге қоғамның барлық салаларын қатыстыра отырып, кешенді түрде қарау керек.

– Елордада жұмыссыз ер адам отбасындағы жанжал кезінде әйелінің үстіне қайнаған су құйып, туысын пышақтап, төрт жасар баласын алтыншы қабаттан лақтырып жіберіп, өз-өзіне қол жұмсады, - деп спикер ауыр жағдайлардан мысал келтірді. – Себеп – құмар ойындары және бірнеше миллиондаған қарыздар.

Ал, отбасыға мемлекеттен көмек керек болған. Жұмыспен қамту бөлімінен, денсаулық сақтау мекемесінен – ойынға тәуелділіктен емделуден, қаржылық бақылау органдарынан – букмекерлік кеңселерге кіруді шектеуден көмекке мұқтаж болды. Мұның бәрінің болмауы қайғылы нәтижеге әкелді.

– Біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және қоғамда дұрыс мінез-құлық үлгісін қалыптастырудың маңыздылығын жақсы түсінеміз, – деді өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. – Бұл тек полицияның ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да жұмысы, сапалы жолдармен қамтамасыз ету, аулалар мен көшелерді абаттандыру, жарықтандырудан бастап – азаматтарымыздың қауіпсіздігі осыған байланысты.

Министрдің айтуынша, құқық қорғау органдары жұмысты қылмыстың ашылу көрсеткішіне қарап бағалаудан бас тартуы қажет. Кейде көрсеткішті қолдан көтеру үшін заңсыз әрекеттер жасалып жатады. Полиция бюрократиялық формадан адамға бағытталған жұмысқа, статистикалық көрсеткіштерден халықпен жұмыс істеуге көшеді.

Фото: Константин Шелков