Павлодарда әдемі киімге әдемі сыйлық беріледі

Мұндай керемет мүмкіндікті Respublica партиясы ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Наурыз мейрамын шынайы ықыласпен және көтеріңкі көңіл күйде мерекелеу мақсатында «Ең әдемі ұлттық киім» байқауы жарияланады.
Байқау 22 наурыз күні Павлодар қаласының Орталық алаңына ұлттық киім киіп келген тұрғындар арасында өтеді.
— Яғни, кім Орталық алаңға ұлттық киіммен келсе, 22 наурыз күні сағат 11:00-де «Наурыз» жазуының алдына келсін. Біз ішіндегі ең әдемі киім үлгісімен келгенлерге өз сыйлығымызды табыстаймыз, — дейді Respublica партиясында.
Еске сала кетейік, тұрғындар мен қала қонақтарын ұлттық ойындар, дәмді тағамдар және концерттік бағдарлама күтеді. Сонымен қатар, мерекелік бағдарламада театрландырылған қойылымдар, киіз үйлер қалашығы, балалар мен жастарға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қарастырылған.
Мерекелік концерттің хедлайнерлері – Қазақстан эстрадасының жұлдыздары: AGUGAI тобы, Мархаба Сәби, TURAR және Мәдина Сәдуақасова.