Қалмырзаның жеті сэйві «Қайратты» құтқара алмады

Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Камавинга мен Браим Диас бір-бірден гол соқты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматыдағы Орталық стадионда Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы тарихи ойыны өтті. Кездесу испандық клубтың сенімді жеңісімен – 5:0 есебімен аяқталды.
Бірінші таймнан кейін «Реал» Килиан Мбаппенің пенальтиден соққан добы арқасында алға шықты. Екінші таймда француз шабуылшысы ойынды толық өз бақылауына алып, 52-минутта дубль жасап, 73-минутта хет-тригін рәсімдеді. Осылайша, ол Чемпиондар лигасындағы алғашқы екі ойында бес гол соқты.
«Қайрат» қарсыласуға тырысқанымен, Валерий Громыкоға жасалған фолдан кейін берілген пенальти VAR-дың көмегімен кейін қайтарылды. Алматылықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды – әсіресе Громыко мен Дастан Сатпаевтың соққылары қауіпті болды. Алайда Тибо Куртуа қақпаны берік қорғады.
Ойын соңына қарай «Реал» қысымды арттыра түсті: 83-минутта Эдуардо Камавинга есепті 4:0-ге жеткізсе, қосымша уақытта Браим Диас қорытынды есепті 5:0 етті.
Жеңіліске қарамастан, «Қайрат» жағымды әсер қалдырды. 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырза жеті сэйв жасап, командасын бірнеше рет қиын жағдайдан құтқарды. Жанкүйерлер соңына дейін ойыншыларды қолдаумен болды.
«Қайрат» келесі матчын 21 қазанда өз алаңында кипрлік «Пафосқа» қарсы өткізеді.