Қарапайым әрі балажан еді: Баянауылда жазушы Қалмұқан Исабаев жайлы естелік айтылды

Қарапайым әрі балажан еді: Баянауылда жазушы Қалмұқан Исабаев жайлы естелік айтылды
Фото: Константин Шелков

Баянауылда Қалмұқан Исабаевтың мерейтойына орай өткен шарада жазушының жақындары мен туыстары естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының №11 мектебінің ұстазы, жазушының туған інісі Бабатай Исабаевтың қызы Нұргүл Исабаева Қалмұқан Исабаев туралы әсерлі естеліктерін жеткізді.

– Ағамыз өте қарапайым, ақкөңіл, балажан адам болатын. Алматыға барғанымызда үйінде қонақта болғанбыз. Ауылға келгенде ешқашан әкімшілік көлікке отырмай, қарапайым халықпен бірге автобусқа мінетін. Бұл оның кішіпейілдігін көрсететін, – дейді ол.

Нұргүл Исабаеваның айтуынша, жазушы ауылға келген сайын қаламгер достарын ертіп жүретін.

– Кешке далаға шығып серуендеп келіп, шабыттанып жазу үстеліне отыратын. Кішкентай жазу машинкасымен бірден жұмысқа кірісіп кететінін қызыға бақылаушы едік, – деп еске алады ол.

Сонымен қатар, Қалмұқан Исабаевтың ұрпақтары да мерейтойға қатысып отыр.

– Үлкен қызы Баян, жалғыз ұлы Қали, кенже қызы Алма, сондай-ақ жеңгеміз де тойға арнайы келді. Бүгінгі мерейтой өте жоғары деңгейде өтті. Осындай көлемде республикалық деңгейде той ұйымдастырғаны үшін облыс және аудан әкіміне алғыс айтамыз, – деді Нұргүл Исабаева.

Айта кетейік, Баянауылда өтіп жатқан мәдени-танымдық шарада ақын, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлы, жазушы Қадыр Тайшықов, қаламгер-журналист Қалмұқан Исабаев, белгілі кинорежиссёр Қуат Әбусейітовтің шығармашылық мұрасын жерлестері  тағы бір еске алды. Олардың қарапайым болмысы мен елге деген ыстық ықыласы – кейінгі ұрпақ үшін өнеге болып қала бермек.