Павлодар облысындағы музейлердің біріне – 25 жыл

Павлодар облысындағы музейлердің біріне  – 25 жыл
Фото: Музей қорынан

Ақсу қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында 4 000-нан астам құнды жәдігер сақтаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2001 жылдың 23 қазанында қаланың 40 жылдық мерейтойына орай С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында музей ресми түрде ашылды. Алғашында кішкентай ғана музей залында қала тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар қойылғаны көзі қарақты көрерменнің есінде. Алайда уақыт өте келе музей қызметкерлерінің ізденісі мен өңір тұрғындарының ұлттық құндылыққа деген жанашырлығының арқасында музей рухани ордаға айналып үлгерді. 

Бүгінде мұнда археология, қала тарихы, Құрметті азаматтар мен аймақ тұлғалары, өнеркәсіп пен кәсіпорындар, этнография, мәдениет және спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, ауыл шаруашылығы, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлері, тың игеру жылдарына арналған бөлімдер жасақталған. Әр бөлімнің өзіне тән бай тарихы, сыры мен тағылымы бар.

– Музей ашылған кезде қорда небәрі 200 ғана жәдігер болды. Ал қазіргі таңда біздің қорда 4000-нан астам жәдігер сақтаулы. Оның ішінде негізгі қорда 2851 құнды экспонат бар. Атап айтқанда, фотоқұжаттар, мұрағат деректері, көне фотосуреттер, ыдыс-аяқтар мен жиһаз жинақтары топтасқан, - дейді Ақсу қалалық тарихи-өлкетану музейінің басшысы  Гүлжанар Ақшолақова. 

Музей басшысының айтуынша, 25 жыл ішінде музей ұжымы қала және ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға тарихи құнды деректер мен жәдігерлерді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарған. Әсіресе, ізденіс пен зерттеуге негізделген шығармашылық жобалар нәтижесінде түрлі байқау, фестивальдар, көрмелер, әдеби-музыкалық кештер, кездесулер, сайыстары мен сурет көрмелері ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, атаулы күндерге арналған фотокөрмелер мен қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына жиі ұсынылып жүр. 

25 жылдық тарихты уақыт еншісіне қалдырып, бүгінде тек даму жолына түскен рухани ордада жергілікті кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі, мәдени-рухани орталықтардың қызметі және өңірдің белсенді азаматтарының еңбек жолын насихаттайтын әдеби-шығармашылық кештер де тұрақты өткізіліп келеді. 

Бүгінгі таңда музейде 4  қызметкер бар. Ал айына мұндағы құнды жәдігерлерді тамашалауға 300-ден астам адам келеді.

Айта кетелік, металлургтер қаласында музей ашу туралы бастаманы шаһардың соғыс және еңбек ардагерлері, қаланың Құрметті азаматтары 2000 жылы көтерген. Бұл жыл сол кездегі Президент жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялаған еді. Осылайша ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған ақсулықтар ел тарихын кейінгі ұрпаққа бүкпесіз жеткізетін, құнды жәдігерлерді сақтайтын рухани ортаны қалыптастыра алды.