Қазақстанда алғаш рет бүйректі айқас трансплантаттау жүргізілді
Айқас трансплантаттау – бұл кем дегенде екі сәйкес келмейтін жұптан, айқастыру арқылы ағзаны қондыру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда тұңғыш рет А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының базасында басқарма төрағасы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен ересек пациенттерге бүйректі айқас трансплантаттау жүргізілді.
Бұл операция донорларды алмастыру қағидаты бойынша орындалады: егер туысқан донор реципиентке медициналық көрсетілімдер бойынша сәйкес келмесе, сондай проблемасы бар басқа донор таңдалады.
Дүние жүзіндегі, атап айтқанда, біздің еліміздегі донорлық ағзалардың тапшылығы жағдайында альтруистік донорлық, АВО-сәйкес келмейтін, бүйректі айқас трансплантаттау балама болып табылады.
Қазір республикамызда да осындай операциялар практикаға енгізілді. Айқас трансплантаттау екі жұптың - қан тобы бойынша өзара сәйкес келмеген күйеуі-әйелі және қызы мен анасының арасында жасалды. Бұл пациенттер ұзақ жылдар бойы бағдарламалық гемодиализде болды.
Өкінішке орай, науқастар ұзақ уақыт гемодиализде бола алмайды, өйткені уақыт өте келе олардың жағдайы біртіндеп нашарлайды, өйткені гемодиализ донорлық ағзаға балама болып табылмайды.
Бұл жағдайда ең орынды шешім осы жұптардың арасында бүйректі айқас трансплантаттау жүргізу болды. Мұқият зерттеп-қараудан, үйлесімділікті бағалаудан және пациенттердің арасындағы барлық келісімдерді рәсімдегеннен кейін екі күннің ішінде екі бүйректі трансплантаттау сәтті орындалды, екі бүйрек те сіңісе бастады.
Екі пациенттің де денсаулық көрсеткіштері тез жақсаруда және ауруханадан шығаруға дайындалуда.