Павлодарлықтар тегін дәрі-дәрмек мәселесі туындаса қайда жүгінеді
Жергілікті емханалардың дәріханаларында миллиардтан астам теңгенің дәрі-дәрмегі қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала тұрғындары Павлодар облысындағы емханаларда тегін дәрі-дәрмектің жеткілікті екеніне күмән келтірді. Науқастардың айтуынша, қаңтар айында олар дәрі-дәрмек ала алмаған. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмек жеткілікті, бірақ техникалық ақау себеп болуы мүмкін деп түсіндірді.
– Қаңтар айында бізде қайта құрылымдау жүргізілді, соған байланысты ақпараттық жүйеде дәрі-дәрмектің жазылуында техникалық ақаулар туындады. Өмірлік маңызы бар дәрілерді қағаз жүзінде жазып бердік. Қазір бұл мәселе шешілді, – дейді «Almaz Medical Group» Павлодар филиалы бас дәрігерінің орынбасары Елена Кияткина.
Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, оларда дәрі-дәрмек жеткізу бойынша мәселе жоқ. Поликлиника амбулаториялық жағдайда он мың науқасқа қызмет көрсетеді. Олардың көпшілігі өткен жылдың соңында екі айлық дәрі-дәрмек қорын алған.
Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекті алдын ала сатып алып, жеткізеді. «СК Фармация» ЖШС облыстық өкілдігінің басшысы Аягөз Айтбаева 2023 жылға арналған дәрілер 2022 жылы сатып алынғанын атап өтті.
- Медициналық ұйымдар қажетті дәрінің атауларын да, көлемін де, жеткізу кестесін де өздері анықтайды, - дейді Аягөз Айтбаева.
Оның айтуынша, бірыңғай дистрибьютордың тізімінде 1765 дәрі бар. 2023 жылға облысқа 1670 атаудағы дәрі-дәрмек қажет.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 32 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен бірыңғай дистрибьютор арқылы қамтамасыз етіледі.
Жыл басынан бері облыста 153 миллион теңгеге рецепттер берілген. Медициналық ұйымдардың дәріханаларында қалған барлық дәрілік заттардың құны 1,191 млрд теңгені құрайды.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Павлодарлықтар тегін дәрі-дәрмек алуда қиындықтар туындаса, 8 (7182) 32 01 90, 32 01 99 телефондарына хабарласуға болады. Шағымды басқарма басшысының WhatsApp нөміріне – 8 705 447 52 52 жазуға болады.