Павлодарлық әке екі баласына 7 млн теңгеден астам алимент төледі
Немқұрайлы әке балаларына сегіз жыл алимент төлемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әділет департаментінің мәліметінше, борышкердің банктегі шоттарында ақша болмаған. Сондай-ақ, борышкер жұмысқа орналаспаған, зейнетақы аударымдары, жылжымалы және жылжымайтын мүлік тіркелмеген.
– Ол жеке сот орындаушысымен бірнеше рет шақырылып, берешекті өтеу қажеттігі туралы ескертілді. Бірақ алимент бойынша берешекті өтеу қажеттілігі туралы талаптарын орындамады, – деді департаментте.
Осыған байланысты жеке сот орындаушысы Павлодар облысының Әділет департаментіне ҚР ӘҚБтК 669-бабы бойынша борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберді.
Көрсетілген ұсынымды қарау барысында борышкердің 7 185 805 теңге мөлшеріндегі берешегі толық көлемде өтелді.