Ертіс ауданындағы ауылдарда жаңадан екі медпункт салынуда
Олардың құрылысы жылдың аяғына дейін бітеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданының халқымен өткен кездесу барысында ауылдардың медициналық жағдайы туралы айтты.
– Екі ауылда медициналық бөлімше салынып жатыр. Бұл– Қызылағаш және Қарақұдық ауылдары. Барлық жұмыстар жылдың аяғына дейін аяқтау керек, – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов аудан орталығында орналасқан аурухана туралы сөз қозғады. Медициналық мекеменің тозуы 62,6 пайызды құрайды.
– Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге 72 миллионға жуық қаражат бөлінді, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Ұзынсу, Панфилов, Амангелді, Қызылағаш ауылдарына жаңадан сантиарлық көліктер беріледі. Олар тамыз айында жеткізілетін болады.
Еске сала кетейік, Ертіс ауданының жұртшылығымен кездесу барысында облыс әкімі ауданда «Ауыл- ел бесігі» жобасының іске асырылуымен таныстырып өтті. Жоба бойынша келесі жылы Панфилов ауылында мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтетін болады.