Павлодарлық «103» бригадасы жүкті әйелді жол үстінде босандырып алды

Павлодарлық «103» бригадасы жүкті әйелді жол үстінде босандырып алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дүниеге қыз бала келіп, анасы мен сәби Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, шақыру 5 тамыз күні сағат 10:23-те жедел жәрдем пультіне түскен. Телефон арқылы Баянауыл – Павлодар тас жолында келе жатқан 32 жастағы жүкті әйелде толғақ жиілегені туралы хабарланған. Көмекке дереу медициналық бригада жіберілді.

– Шақыру түскеннен кейін 10 минут ішінде пациент әйел реанимобильге орналастырылды. Медициналық қызметкерлер оны ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдап, стационарға алдын ала хабар берген. Алайда жолда әйелде босану басталып кетті. Сағат 10:55-те салмағы шамамен 2,9 келі, бойы 48 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келді. Жедел жәрдемнің фельдшерлік бригадасы жылу тізбегін сақтап, ана мен сәбиді Ақсу қалалық ауруханасының дәрігерлеріне тапсырды, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда ана мен нәрестенің өміріне және денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. 103 қызметінің мәліметінше, перзентхана қызметкерлері жедел жәрдем бригадасының жұмысына қатысты ешқандай ескертпе жасамаған.