Қазақстанда ипотеканың жаңа шарттары қашан күшіне енеді?

Қазақстанда ипотеканың жаңа шарттары қашан күшіне енеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20 пайызға дейін төмендетілмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін жоспарланған өзгерістерге қарамастан, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үй заемдары бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) бұрынғыдай 25 пайыз деңгейінде сақталды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысына сәйкес, қолданыстағы шекті мөлшерлеме 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болады.

Осы мерзімнен кейін ең жоғары мөлшерлеме бастапқы жарна көлеміне байланысты белгіленеді. Егер ипотекалық қарыз тұрғын үй құнының 70 пайызынан аспаса (яғни сатып алушы кемінде 30 пайыз бастапқы жарна төлесе), онда ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайыз болады. Ал несие сомасы тұрғын үй құнының 70 пайызынан жоғары болған жағдайда, шекті мөлшерлеме 25 пайыз болып қала береді.

Сонымен қатар сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда ипотекалық несиелердің құнына ең көп әсер ететін фактор – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі. Маусым айында реттеуші орган бір жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетті. Ақша-кредит саясатына қатысты кезекті шешім 24 шілдеде қабылданады деп күтілуде.

Мамандардың пікірінше, ипотеканың жаңа моделі баспана сатып алушылардың санын арттырмайды. Керісінше, оларды жинақ көлеміне қарай бөліп қарастырады. Өзгерістер ең алдымен бастапқы жарна көлеміне тәуелді болатын жаңа тұрғын үй нарығына әсер етуі мүмкін.

Ал реновация бағдарламасына қатысушылар үшін жағдай өзгеше. Егер оларға ақшалай өтемақының орнына пәтер ұсынылса, ипотека рәсімдеудің қажеті болмайды. Сондықтан қымбат несиелер жағдайында мұндай мүмкіндік әлдеқайда тиімді нұсқа саналады.