Президент шахтер мен ауыл жұмыскеріне «Қазақстанның Еңбек ері» атағын берді
Президент Республика күні қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ұлттық мереке қарсаңындағы бұл Жарлықпен еліміздің дамуына ерекше үлес қосқан, әсіресе қарапайым еңбегімен танылған азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Президенттің назары қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеретін жұмысшы мамандықтарына баса аударылған.

Өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешенін және тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені екі еңбек адамына табысталды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС-ның білікті механизаторы Мұрат Қаражұманов пен Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы Сергей Чернобай осы жоғары атаққа лайық деп танылды.
– Бүгін арамызда Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов отыр. Ол 45 жылға жуық табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Майталман механизатор жас мамандарға жол көрсетіп, мол тәжірибесін бөлісуде. Бұл салада Қаражұмановтар әулетінің 30-дан астам өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Бүгін Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, бүгін біз Сергей Петрович Чернобайға құрмет көрсетеміз. Ол – еңбегі ерен кенші, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, отандық көмір өндірісінде аты аңызға айналған тұлға, – деді Президент.

Президент Жарлығы осы жылы ерекше мән берілген Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысын айқын көрсетті. Республика күні қарсаңында 138 еңбек әулетінің өкілдері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардан 500-ге жуық жұмысшы мен еңбеккер, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, сондай-ақ 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұған қоса, өндірістік салалардың еңбеккерлері III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалері атанды.
Жалпы Жарлыққа сәйкес, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосқан азаматтар түрлі ордендермен марапатталды. Мысалы, Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры Алексей Касицин «Отан» орденін алды. К.Исаев, С.Харченко, Т.Баймолдаев, О.Сәбден және басқа да бірқатар мәдениет, ғылым және өндіріс өкілдері «Барыс» орденінің иегерлері қатарынан табылды. Сондай-ақ, «Ильинское» ЖШС директоры А.Бурлев, ақын Ғ.Жайлыбай және журналистика ардагері Е.Брусиловская сынды тұлғалар «Парасат» орденімен марапатталды. «Құрмет» орденін қатардағы слесарь Г.Жасыбаева, бас инженер Б.Айтжан және басқа да дәрігерлер, архив қызметкерлері алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жарлығы еңбектің жоғары бағаланатынын және қарапайым жұмысшының Қазақстан дамуындағы орны ерекше екенін айқын көрсетті.